Ә.Молдағұлованың өмірбаяны

Әлия Молдағұлова (1925-1944ж) 

Әлия Молдағұлова 1925 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында Нұрмұхамбет Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында дүниеге келген. Әлия 5-6 жасқа келгенде анасы қайтыс болып, әкесі Әлияны нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың тәрбиесіне береді. Әбубәкірдің отбасында Әлиядан бөлек тағы бір қыз бала тәрбиеленді. Ол Әбубәкірдің қарындасы Сапура Молдағұлова. 

Ағасы Әбубәкір теміржол саласында жұмыс жасаған. Отбасымен 1933 жылдары Әулие-Атаға көшіп барады (қазіргі Тараз қаласы). Сол жерде Әлия мен Сапура (Әбубәкірдің қарындасы) 1934 жылы 1 класқа барған.

Нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұлов Москвадағы Әскери-Транспорт Академиясына оқуға түсуіне байланысты, оның отбасы 1935 жылы Москваға қоныс аударады. Москвада Әлия 4 класс бітірді.

1938 жылы Әскери-Транспорт Академиясының Ленинградқа көшуіне байланысты Әбубәкірдің отбасы Ленинград қаласына қоныс аударды. Әлия өз келісімі бойынша Ленинградтағы №46 мектеп-интернатына орналасады.

Әлия үздік оқуы мен үлгілі тәртібі үшін Бүкілодақтық пионер лaгepi «Артекте» демалды, қазір басқа да артектік-батырлар қатарында Әлия есімін көруге болады. 

1941 жылы 22 маусымда неміс фашистері Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына соғыс ашты. Осы кезеңдерде Ленинград қаласы жау қоршауында қалса да Әлия Ленинградты екінші Отаны санап, ондағы бомбаларды сөндіруге атсалысқан.

Кейіннен №46  балалар үйінің  тәрбиеленушілері Ярославль облысының Вятск селосына көшірілген. Әлия мектепті жақсы оқыған, пысық, талапшыл қыз болып өсті. Вятскідегі орта мектептің 7 класын үздік бітірген. Әскери ұшқыш болуды армандаған. Рыбинскідегі авиация техникумына оқуға түседі. Бірақ мұнда оқу ұзақтығы үш жыл болғандықтан елін, жерін қорғағысы келген Әлия сол жердегі әскери комиссариатқа барып, өзін әскер қатарына алуды сұраған. Жасы жетпегендіктен қабылдамаған.

Рыбинск аудандық әскери комиссариатының жолдамасымен Ә. Молдағұлова Москвадағы Орталық мерген қыздар даярлайтын мектепке қабылданды. Мектепке еліміздің түкпір-түкпірінен қыздар келіп жатты, олардың алдында қиын да күрделі 6 айлық оқу күтіп тұрды. Осы уақыт ішінде сапқа тұру, саяси дайындық, әскери-топографиялык және инженерлік-саперлік icтi меңгеру қажет болды. Әлия мергендіктің қыр-сырын жете меңгеруге бар күш-жігерін салды.

1943 жылы шілде айында мергендер мектебін үздік бітірген Әлия Солтүстік-Батыс майданның 54-ші атқыштар бригадасының 4-ші батальонына жіберілді.

1944  жылы қаңтар айында Әлия қызмет еткен әскери бөлімшесі майдан шебімен Новосокольникиге қарай маршпен жылжыды. Ауыр соғыс жүріп жатты... Бөлімшелер қайсарлықпен, табандылықпен ілгері жылжи түсті. Ф.И. Моисеев бастаған 4-ші батальонға үлкен стратегиялық маңызы бар Новосокольники-Дно теміржол бағытын кесіп өтіп, Казачиха деревнясын жаудан азат ету міндеті тапсырылды. Әлия құрамында болған 4-ші батальон Насваның батыс жақ  шетіне жете бергенде немістер танктердің қолдауымен күшті, қарсы шабуылға шықты. Нақ осы жерде күтпеген оқиға болды. Командир саптан шығып қалды да, батальон басқарусыз қалды. Жауынгерлер кібіртіктеп, аздан соң кейін шегіне бастады. Осы сәтте Әлия «Бауырлар! Отан үшін, алға!» деп ұран тастап, батальон жауынгерлерін шешуші шабуылға  көтеріп шығарады. Казачиха деревнясы жаудан толық азат етіледі.

1944 жылы 14 каңтарда Казачиха деревнясын жаудан азат ету кезінде қазақ халқының қаһарман қызы Әлия Молдағұлова ерлікпен қаза тапты.

КСРО Жоғарғы Keңeci Президиумының 1944 жылғы 4 маусымдағы Жарлығымен Ә.Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Әлияның өмipi қысқа да, ерлікке толы. Оның бейнесі халық есінде мәңгі сақталады. Әлияның құрметіне Рыбинск авиация техникумы қабырғасына  естелік тақта, Москва, Санкт – Петербург, Казачиха , Алматы, Орал,  Ақтөбе қалаларында  ескерткіштер орнатылды.

Теплоходқа,  көшелерге, Москвадағы  №1512(бұрынғы №891) мектеп-гимназия, Таразда №28, Шымкентте №29, Оралда №38, Қызылордада 173 мектептер, Қарағандыда облыстық арнаулы спорт мектеп-интернат колледжіне, Хобда ауданындағы ауылға   Әлияның есімі  берілген. Қазақстанның барлық облыстарында Әлия атымен көшелер бар.

2021 жылы Ақтөбе қаласындағы Халықаралық әуежайға Батыр қыздың есімі беріліп, бюсті  орнатылды.

Санкт-Петербург қаласында №140 мектепте, Москвада №1512 мектеп-гимназиясында, Ақтөбе қаласында облыстық мемориалды, Қобда ауданында «Әлия» патриоттық тәрбие беру  облыстық орталығында, Бұлақ  ауылында  музейлер жұмыс жасайды.

Әлия туралы «Мергендер» көркем фильмі, деректі фильмдер түсіріліп, балет, спектакльдер қойылды. Батыр қыздың ерлігіне арналған кітаптар, әндер, жырлар  жарыққа шықты.

 

Посмотреть на карте Актобе

Яндекс.Метрика

© 2020-2025 "Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалдық музейі" ММ. Барлық құқықтар қорғалған.