Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі жастарға әскери-патриоттық тәрбие берумен қатар, ақтөбелік жүздеген батырлардың есімін жаңғыртып, олардың тарихына қатысты естеліктері мен құжаттарын жинап, зерттеп- зерделеп жұртшылыққа насихаттау мақсатында облыс орталығы Ақтөбе қаласында шаңырақ көтереді. Мемориалды музей тарихи тұлғаның өмірі мен ерлік жолына арналып, оған қатысты ерекше құндылықтарды мәңгі есте сақтау қызметін атқарады.
Ақтөбе өңірінің мәдени және қоғамдық ұйымдардың бастамасына сәйкес, Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің 1980 жылғы 11 маусымдағы бұйрығымен Әлия музейінің құрылуы туралы шешім қабылданады. Бұл, өз кезегінде батырдың есімін ұлықтауда негізгі елеулі оқиға болды. Аталған өкімді іске асыру үшін М.Арынғазиннің төрағалығымен Ақтөбе қалалық халық депутаттары Кеңесінің Атқару комитеті 1980 жылдың 1 тамызында батырдың мемориалды музейін құру бойынша облыстық мәдениет басқармасы үлкен істі қолға алады.
Жаңадан құрылған музейдің ұйымдастыру жұмыстарына бес жылға жуық уақыт жұмсалды. Осы уақыт аралығында Әлияның өмірі мен ерлігі туралы мәліметтер жинақтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми қорды құру, музейдің экспозициясын әзірлеу жұмыстары қызу қолға алынады. Музей батырдың өмірі мен ерлігін ғана емес, тұтастай алғанда, 1941-1945 жылдардағы тарихи кезеңді қамтыды. Ғылыми-зерттеу қызметі мемориалды музейді дамытудың жетекші басымдықтарының бірі болды.
Ең басты міндет батырдың өміріне қатысты мәліметтерді жинақтау, экспедициялық іс-сапарларға шығу, архивтерден мәліметтер жинау секілді тұрақты ізденіс жұмыстары жүзеге асырылды. Зор еңбектің нәтижесінде, Ақтөбе қаласындағы Кереев көшесіндегі №7 бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатынан музейге алғашқы ғимарат берілді. Экспозициялық залы - 355 ш.м., қор бөлмесі - 54 ш.м. құрады. Осылайша, батыр қыздың өмір жолын бейнелейтін тарихи-танымдық кеңістік пайда болды.
Осы жерде Әлия Молдағұлованың тағдырына арналған экспозициялар реттеліп, оның хронологиялық өмір жолы мен ерлік кезеңдері нақты деректермен, жәдігерлермен толықтырылды.
Музей қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде музей келушілерді қабылдауға толық дайын болды. Осылайша, 1985 жылдың 22 сәуірінде облыстың мәдени өмірінде есте қаларлық ерекше оқиға орын алды – Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды музейі салтанатты түрде ашылды. Ұлы Жеңістің 40 жылдығы мен батыр қыздың 60 жылдық мерейтойына арналған шараның ашылу рәсімін Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Сағынтаев пен Сапура Молдағұлова жүзеге асырды. Ашылу рәсімінде батыр рухына туған-туыстары, өңір басшылығы мен мәдениет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер тағзым етіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Қала тұрғындары мен қонақтары сол күнгі тарихи сәттің куәсі болып, Әлия ерлігіне арналған мемориалды музейдің шын мәнінде ел жадында мәңгі сақталатын қасиетті рухани орынға айналғанына көз жеткізді. Осылайша, салтанатты ашылу рәсімімен басталған тарихи сәт музейдің жаңа парағын ашты. Әлия Молдағұлованың мемориалды музейі алғашқы келушілерін қабылдап, өз жұмысын ресми түрде бастап кетті.
Батыр қыздардың ерлігі туралы тарихи дереккөздерде аз жазылған десек болады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, музейдің алғашқы жылдарында еңбек еткен қызметкерлері ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстарын жүйелі түрде қолға алды. Батырдың өмір сүрген және ерлік көрсеткен өңірлеріне экспедициялар ұйымдастырылып, нақты деректер мен естеліктер топтастырылды. Мәскеу, Ленинград, Жамбыл, Рыбинск қалаларындағы мектеп музейлерімен байланыс орнатылып, сол кезеңдегі Қазақ КСР-інің мемлекеттік архивтері, БЛКЖО Орталық Комитетінің қорлары, КСРО Қарулы күштері мен А.С.Пушкин атындағы кітапхана, сондай-ақ еліміздің жетекші музейлерімен тығыз ғылыми-мәдени байланыстар қалыптасты.
Алматы қаласындағы орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві, ғалым-зерттеушілердің еңбектері, журналист-зерттеуші Сейілхан Асқаровтың жеке мұрағаты, сондай-ақ Әлияның туыстары мен әкесі Нұрмұхамбет Сарқұлов пен Сапура Молдағұлованың берген естеліктері – мемориалды музей қорын толықтырып қана қоймай, оның баға жетпес раритеттік негізін құрайды.
Мемориалды музей жастарға әскери-патриоттық тәрбие берумен қатар, ақтөбелік батырлардың есімін жаңғыртып, соғыс тарихына қатысты естеліктерді, құжаттарды жиып-теріп отырған орталыққа айналды.
Музейдің негізгі жұмыс бағыттары – ғылыми-зерттеу, танымдық, жинақтау және жалпы мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру болып табылады.
Музей жанынан Әлия туралы, соғысқа қатысты материалдарды жинақтап, зерттеу мақсатында 1989 жылы музей жанынан РФ Новгород, Псков, Ржев жерлерінде қазба жұмыстарын жүргізетін «Әлия» іздестіру тобы және мектеп оқушылары мен студенттерден құрылған Әлия» патриоттық клубы құрылған болатын.
Әлия музейі Ұлы Отан соғысының 60, 70, 80 жылдықтары мен Әлия Молдағұлованың 80, 90, 95, 100 жылдықтарына арналған ірі және маңызды шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып отырады.
Музей 2000 жылы Ә.Молдағұлова даңғылы 47 үйде орналасқан 5 қабатты үйдің 1-ші қабатына көшіп, жаңа экспозиция жасақталынып ашылғаннан кейін 2005ж., 2015ж., 2024 жылдары рээкспозиция жасалынды.
Музей ашылғаннан бері Қазақстан республикасы, алыс-жақын шетелдерден мыңдаған көрермендер музей экспозиясымен танысты. Оның ішінде Қытай, Ақш, Еуропа мемлекеттерінің елшілері де бар. Жылына мәдениет ордасы 40 мыңнан астам келушілерді қабылдап отыр.
Музейде жыл сайын дәстүрге айналған Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың туған, ерлікпен қаза тапқан күндеріне арналған еске алу кештері, «МЕРГЕН ӘЛИЯ » облыстық, республикалық жалпыға білім беретін мектеп оқушы қыздар арасында пневматикалық мылтықтан нысана көздеп атудан әскери-спорттық сайыстар өткізіледі.
9 мамыр Ұлы Жеңіс күні, 18 мамыр Халықаралық Музейлер күні қарсаңында «Музей – халықтың қазынасы», «Естелік», «Музейдегі түн», «Жәдігер жерде қалмасын» акциялары мен көрмелер ұйымдастырылады.
Музей қоры 11 мыңнан астам экспонатты құрайды.
Бұлақ ауылы – батырдың кіндік қаны тамған, алғашқы қадамдары басталған киелі мекен. Батырдың өмір жолына құрмет ретінде оның туып-өскен үйінің орны анықталып, сол жерге ескерткіш тас орнатылған болатын. Осы игі іс жалғасын тауып жеке кәсіпкер Сүйін Жолдастың демеушілігімен 2021 жылы 11 қыркүйекте жалпы аумағы 64,5 шаршы метрді құрайтын, екі экспозициялық залдан тұратын Әлия музейі бой көтеріп, бүгінде облыстық мемориалды музейдің бөлімі ретінде қызмет атқаруда.
Музей «Батыр-Қалалар» Халықаралық жобасы аясында Волгоград, Севастополь, Брест, Мәскеу, Минск, Нововскольники, Санкт-Петербург қалаларындағы әскери музейлермен мәдени байланыс орнатып телекөпірлер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырады.
Республикамыздағы мемориалды музейлер арасында ынтымақтастық меморандум негізінде Қостанай, Атырау, Қызылорда, Алматы, Ақмола облыстарында Ақтөбеліктер-ұлт мақтаныштары" , «Әлия-қаһармандық дастаны» жылжымалы көрмелері ұйымдастырылды.
Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің облыстық «Рухани қазына» фестиваліне қатысып, «Үздік атаулы (мемориалды) музей - 2022, «Үздік экскурсия жүргізуші - 2022» номинацияларымен марапатталып, Республикалық фестивальға қатысты. 2025 жылы облыстық музейлер арасында музей экскурсовод жетекшісі сайысында «Үздік экскурсовод» атанды.
Музей батыр қыздың 100 жылдығына орай, ағы мдағы жөндеуден өтіп қайта жасақталды. Қазіргі заман талаптарына сай келетін жаңа экспозицияға енгізілген 3D мэппинг, жасанды интеллект, 3D анимациялар арқылы музей келушілерді көптеп тартуда.

Мақсұтова Жанар Туғамбайқызы

Айша Әлішқызы

Елена Қалтаева

Мәрия Сейтқалиева

Сәбит Баймолдин