2026 жылғы 15 қыркүйек күні Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде Ұлы Отан соғысының ардагері Ақби Қанжолұлы Рақовқа арналған «Ешкім ешқашан ұмытылмайды» атты тарихи-танымдық шарасы өтті.
Ақби Рақовтың тағдырлы өмір жолы мен ерлікке толы кезеңдерін тарихи деректер арқылы зерделеп, жас ұрпаққа Отанға адалдық, қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсету. Туған өлкенің тарихына деген танымдық қызығушылығын арттырып, азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
Шара барысында Ақби Рақовтың өмірі мен жауынгерлік жолына арналған деректі сюжет көрсетіліп, өмір жолын зерттеген өлкетанушылар, журналистер мен зиялы қауым өкілдері тарихи деректермен бөлісіп, оның ерлігі мен тағдыры жөнінде естеліктер мен зерттеу материалдары таныстырды.
Шараның тағылымды тұсының бірі – Ақби Рақовтың өмірі мен майдан жолын зерттеп, ізденіс жұмыстарын жүргізген ынталы топтың арнайы жинақтаған тарихи-деректік материалдары музей қорына табысталды.
Шараға Ақби Рақовтың ұрпақтары, Ақтөбе өңірінің зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен өлкетанушылар, ардагер журналистер, қоғам және мәдениет қайраткерлері, Ауған соғысының ардагерлері, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институт курсанттары, 6655 әскери бөлімінің сарбаздары, А.Байтұрсынұлы атындағы лингвистикалық мектеп-гимназиясының «Әлия» патриоттық клубының мүшелері мен музей қызметкерлері қатысты.
https://www.instagram.com/aliya.muzeyi/reel/DdTmFHsslHv/?hl=ru
