Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің ұйымдастыруымен Бопай ханым атындағы жоғары медициналық колледжінде 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік болсын мәңгі тірегім!» тақырыбында патриоттық танымдық шара өтті.
Шараның мақсаты: Отан сүйгіштікке, туған елінің тарихын білуге, елінің тәуелсіздігі жолында күрескен батыр бабаларымыздың қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрдайым есте сақтап, өз елінің патриоты болуға тәрбиелеу. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін өркендетуге, адал қызмет ететін білімді де жан-жақты дамыған интеллекті жоғары, батыл намысты ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу.
Шараға Бопай ханым атындағы жоғары медициналық колледжінің «Әлия» патриоттық клубының мүшелері, оқу орынның студенттері мен ұстаздары, музей қызметкерлері қатысты.
Ел тарихының айтулы кезеңдерін қамтитын бейне сюжет көрсетіліп, студенттер wordwall платформасында әзірленген сұрақ-тапсырмаларға белсенділікпен қатысты. Шара барысында «Әлия» патриоттық клубының мүшелері 1986 жылы болған желтоқсан айында болған бейбіт митингінен көрсетілім жасап, қазақтың қара домбырасынан күй шертіп, патриоттық әндер орындап ата-бабаларымыздың рухани бай мұрасын паш етті.