Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі мен Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туралы қалам тербеткен ақын-жазушылар: Сағи Жиенбаев (90 жылдығы), Фариза Оңғарсынова (85 жылдығы), Әмір Оралбайдың (65 жылдығы) өмірі мен шығармаларына арналған «Руханият шырақшысы» тақырыбында әдеби вернисаж өткізді.
Шараның мақсаты: тарихи шындықты, сөз өнерімен өрнектелген әсемдікті түйсінген қаламгерлеріміздің туындыларын оқуға, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа насихаттап, кітап оқуға құлшынысын арттыру. Адамгершілік, рухани қасиеттерді оқушылар бойына сіңіру. Еліне, жеріне деген отансүйгіштік сезімдерін шыңдау.
Шара Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гиназиясының жанынан құрылған «Жас талап» оркестрінің орындауындағы «Алаш аманаты» мен «Адай» күйлерімен ашты.
С.Жиенбаев туралы бейне баян көрсетіліп, «Әлия» поэмасынан «Сапураға хат. Түйін» үзіндісі оқылды. Ф.Оңғарсынованың болмысы туралы «Жұрт мені қатал дейді» өлеңі мен «Тыңдаңыздар, тірі адамдар» поэмасын оқушылар оқып, көрермендерді тебірентті. Шара барысында, Ф.Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылық жолына баяндама жасалып, Ә.Оралбай өмірінен, журналистика саласындағы еңбегінен жұбайы М.К.Оралбаева сыр тарқатты.
Белгілі ақын-жазушылар, қаламгерлердің «Әлия» туралы жарық көрген туындылары жатқа мәнерлеп оқылып, повесттегі Әлия бейнесінің суреттелуі жанрында сөз қозғалды. Сонымен қоса мектеп кітапханасы мен музей қорынан қаламгерлерімізге арналған көрме, музей қорынан әзірленген «Әлия – қаһармандық дастаны!» жылжымалы көрмесіне экскурсиялық шолу жасалды.
Шараға жазушы, журналист Ә.Оралбайдың асыл жары Меңдігүл Камалбекқызы Оралбаева, Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гиназиясының ұстаздары мен оқушылары, музей қызметкерлері қатысты.