previous arrow
next arrow
Slider

«Музейім биік белесім» бенефисі өтті

25  тамыз күні Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейіне 40 жыл еңбек жолын арнаған музей директоры Қалтаева Елена Сәрсеналықызының «Музейім биік белесім» бенефисі өтті.

Бенефисте Елена Сәрсеналықызың өмірі мен қызметтегі жетістіктері, еңбегі туралы әңгімеленді.

Қалтаева Елена Сәрсеналықызы 1962 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында дүниеге келді. 1979 жылы Темірбек Жүргенов атындағы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, 1984 жылы Шымкент қаласындағы педагогика институтының тарих-педагогика факультетін тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын туған жері Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастап,  кейін Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды музейінде жалғастырды.  2006 жылдан бастап музей директоры қызметін атқарды.

1990 жылы   Батыр қыздың  өмірі, ерлік жолы өткен Мәскеу-Ленинград-Псков бағытында ұйымдастырылған экспедиция құрамында  болды. 

2000 жылы қайта құрылған «Қобданың жері-Батырлар елі» экспозициясының тақырыптық-экспозициялық  жоспарын құрып, жасақтады. 2002 жылдың  қорытындысы бойынша «Үздік музей қызметкері» атағына ие болды. 2003 жылы Мәскеуде туризм, мәдениет және өнер қызметкерлерінің білімін  жетілдіретін Академия өткізген Халықаралық Музей студиясының 2-ші сессиясына  қатысып, қысқа мерзімді курсын  бітірді.

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында Ұлы Отан соғысы ақтөбелік батырлары туралы «Халық есінде» атты циклмен 17 хабарлар  топтамасын ұйымдастырды.

Ұлы Жеңістің 65-жылдығы қарсаңында  Ақтөбе  облысы әкімшілігінің бастамасымен,  облыстық мәдениет басқармасының  үлкен қолдауымен  облыс көлемінде тұратын көзі тірі соғыс ардагерлерінің «Естелік Кітабының»  электронды   нұсқасын түсіру барысында Елена Сәрсеналықызының  зор үлесі болды.

2013 жылы 20 тамызда Псков облысы Новосокольники ауданындағы Монаково ауылында ұйымдастырылған кеңес жауынгерлерінің қайта жерлеу рәсімінде Ақтөбе делегациясының құрамында болды. Кең көлемде мәдени іс-шаралар, республикалық  жылжымалы көрмелер т.б. жұмыстар атқарды.

Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің облыстық «Рухани қазына» фестиваліне қатысқан музей «Үздік атаулы (мемориалды) музей – 2022» номинациясымен  марапатталды.

Бенефиске қатысушылар: мемориалды музей ұжымы,  музей ардагерлері, мәдениет мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, қоғамдық емес ұйым мүшелері, Елена Сәрсеналықызының отбасы әрі жақын туыстары, әншілер т.б. қатысты.

 

Посмотреть на карте Актобе Яндекс.Метрика

© 2020-2023 "Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалдық музейі" ММ. Барлық құқықтар қорғалған.