Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 2025 жылдың 5-ші мамырында Ақтөбе қаласындағы Батырлар аллеясы алаңында тағылымды салтанатты митинг өтті. Маңызды шараға ардагерлер, тыл еңбеккерлерінің ұрпақтары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, зиялы қауым, жастар, қала тұрғындары мен музей қызметкерлері қатысты.
Митингтің басты мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарында Отан қорғаған жауынгерлердің ерлігін ұлықтау, олардың есімдерін кейінгі ұрпаққа жеткізу және тарихи жадыны сақтау.
Шара барысында Ақтөбе өңірінен шыққан 37 Кеңес Одағының Батыры мен 9 Даңқ орденінің толық иегеріне, сондай-ақ Ржев шайқасына қатысқан ақтөбеліктерге арналған ескерткіш тастарына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Қатысушылар майдан даласында ерлік көрсеткен жерлестеріміздің рухына тағзым етіп, олардың қаһармандық жолын еске алды. Әрбір ескерткіш тас – ел тарихындағы өшпес ерліктің, туған жерге деген адалдықтың және бейбіт өмір үшін төгілген қанның куәсі.
Салтанатты митинг барысында сөйлеген азаматтар Жеңістің оңайлықпен келмегенін, бүгінгі бейбіт өмірдің негізінде миллиондаған жауынгердің ерлігі мен құрбандығы жатқанын атап өтті.
Батырлар аллеясындағы гүл қою рәсімі – өткенге тағзым ғана емес, болашақ ұрпаққа аманат. Жас ұрпақ ата-бабаларының ерлігін білуі, олардың есімдерін құрметтеуі және бейбітшіліктің қадірін түсінуі – баршамызға ортақ міндет.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл шара тарихи жадыны жаңғыртып, ел қорғаған ерлердің есімін ұлықтаудың жарқын көрінісі болды.
