Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарманы Әлия Молдағұлованың мемориалды музейі – ерлік пен елдіктің мәңгі өшпес бейнесіне айналды. Бүгінде музейдің құрылғанына 45 жыл толып, өскелең ұрпаққа ерлік шежіресін тарқатып отыр.
Бүгінде музейдің 45 жылдығына арналған, сонау музей құрылған сәттен бүгінгі күнге дейінгі тарихын қамтитын «ӘЛИЯ МУЗЕЙІ. ТАРИХ ПЕН ТАҒЗЫМ» атты ауқымды жинақ жарық көрді. Жинақ Ақтөбе қаласындағы «Хабар-сервис» ЖШС баспаханасынан жарық көріп, қазақтың даңқты қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлованың есімі мен өшпес ерлігін қастерлеп сақтап отырған облыстық мемориалды музейінің тарихынан сыр шертеді.
Бұл тарихи-танымдық еңбек музейдің ұйымдастырылу кезеңдерін, қалыптасу тарихын, ғылыми қордың бірегей қазыналарын, ғылыми-ағартушылық бағыттарын және батыр қыздың жүз жылдық ғасырлық мерейтойында атқарылған ауқымды жұмыстарды жан-жақты баяндайды.
