Қазақ халқы қашанда отбасы институтын қоғамның алтын діңгегі, ал бала тәрбиесін ұлт болашағының басты кепілі деп бағалаған. Сан ғасырлық салт-дәстүрімізде «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген нақылдың қалыптасуы бекер емес. Өйткені әке – тек шаңырақтың иесі ғана емес, отбасының қорғаны, ұрпағына бағыт-бағдар беретін тәлімгер, елдік пен ерліктің, адалдық пен жауапкершіліктің үлгісі.
Осы ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында маусым айының үшінші жексенбісі Қазақстанда Әкелер күні ретінде аталып өтеді. Бұл – отбасы құндылықтарын нығайтып, әкенің қоғамдағы рөлі мен мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды мереке. Әкеге деген құрмет – тек бір күндік шара емес, ол ұлттың рухани мәдениетін, тәрбиелік дәстүрін жалғастыратын өмірлік ұстаным.
Осы мереке аясында Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, «Қос-Шынар» қоғамдық қорының негізін қалаушы Байдербес Ғалымжан Ермағанбетұлының қызы, Байдербесова Ақмарал Ғалымжанқызы әкесі туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Оның әңгімесінен әкенің бала өміріндегі орны, отбасындағы өнегесі мен азаматтық тұлғасы айқын көрінеді.
Бала үшін әкенің әрбір ісі – үнсіз тәрбие. Әкесінің парасаттылығы мен кісілігін көрген Ақмарал Ғалымжанқызы өмірлік құндылықтарды бойына сіңіріп, еліміздің, өңіріміздің дамуында қызмет атқарып жүрген жігерлі тұлға. Сондықтан да әке тәрбиесі – жеке отбасының ғана емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін маңызды фактор.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтап қалудың бір жолы – отбасы құндылықтарын дәріптеу, әке мен ананың мәртебесін биік ұстау. Әсіресе жастардың бойына үлкенді құрметтеу, еңбекқорлық, отансүйгіштік және жауапкершілік қасиеттерін сіңіруде әкенің өнегесі айрықша рөл атқарады.
Әкелер күні – осы асыл құндылықтарды қайта жаңғыртып, қоғам назарын отбасының берекесі мен тәрбиесіне аударуға үндейтін тағылымды мереке. Әрбір саналы әке – өз баласының ғана емес, елдің ертеңін қалыптастыратын тұлға. Ал әкенің жүріп өткен өмір жолы мен қалдырған өнегесі – кейінгі буын үшін сарқылмас рухани мұра.
Ұлттың қуаты – берік отбасында, ал берік отбасының негізі – өз міндетін адал атқаратын әке мен мейірімді ана. Сондықтан әке беделін көтеру, оның еңбегін бағалау және өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі ету – барша қоғамның ортақ міндеті.
