Батыр қыз Әлия Молдағұлованың туған күні қарсаңында облыстық мемориалды музей жанынан құрылған «Әлия» патриоттық клубының қатары жаңа мүшелермен толықты. 1986 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан клубтың басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, ел тарихы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру, сондай-ақ халқымыздың қаһарман перзенттерінің ерлігін кеңінен насихаттау.
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың қайсарлығы, табандылығы мен жанқиярлық ерлігі жастар үшін тағылымды өнеге ретінде дәріптеледі.
Салтанатты ант қабылдау рәсімінде жас өрендер батыр қыз Әлия Молдағұлованың ерлік жолын үлгі тұтуға және нағыз отансүйгіш азамат болуға серт берді. Бұл рәсім олардың азаматтық жауапкершілігін айқындайтын маңызды әрі тағылымды сәтке айналды.
Іс-шара аясында патриоттық клуб мүшелері Әлия Молдағұлова даңғылы бойында орналасқан тарихи және мәдени нысандарды қамтыған жаяу экскурсияға қатысып, өңірдің тарихы мен батыр есімімен байланысты маңызды орындар туралы мол мағлұмат алды. Танымдық экскурсия жас ұрпақтың тарихи жадысын жаңғыртып, рухани құндылықты нығайтыға бағытталды.
