Slider

Музей түні - 2026  

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалдық музейде дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени іс-шарасы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың музейге деген қызығушылығын арттыру, мәдени мұраны кеңінен насихаттау, музейлерді заманауи мәдени-танымдық орталық ретінде таныту, келушілерге ерекше рухани атмосфера сыйлау және қоғам мен музей арасындағы байланысты нығайту болды.

Музей аумағында арнайы «Әскери шатыр» инсталляциясы құрылып, далалық УСТ-56 әскери шатыры келушілерге ерекше әсер сыйлады. Шатыр ішінде ұйымдастырылған «Алло, өткен шақ?..» атты ретро телефондар көрмесінде байланыс құралдарының даму тарихы таныстырылды.

Музей ішіндегі «Ретро-фрейм» фотозонасы да келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Мұнда фотоаппараттар көрмесі, журнал үстелі, чемодан, винтажды орындықтар, үстел сағаты, ваза, гүлдер, негативті пленкалар, фотоальбомдар, фоторамкадағы суреттер, торшер секілді көптеген экспонаттар қойылып, өткен ғасырдың рухын сезінуге мүмкіндік берді. Ал жедел сурет шығаратын фотобукс аппараты қонақтарға музей түнінен естелік сыйлап, көтеріңкі көңіл күй тарту етті.

Сонымен қатар, таксафондар мен ұялы телефондардың түрлі үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Кезінде алғашқы байланыс қызметін атқарған көгершін де көрменің ерекше жәдігеріне айналып, мәдени шараның мазмұнын байыта түсті.

Іс-шара музей ішіндегі робототехника көрмесімен жалғасып, заманауи технология мен тарихи мұраның үндестігін көрсетті.

Шара барысында «Ер Едіге» жыр мектебінің оқушылары жырдан шашу шашып, келушілерді ұлттық өнердің көркемдігімен тәнті етті. Сондай-ақ                №55 орта мектеп оқушылары автоматты қаруды шашып-жинау бойынша өз шеберліктерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.

«Шеберлер мекені» бөлімінде киіз үй ішінде ұлттық қолөнердің әсем әлемі таныстырылды. Келушілер қазақ қолөнерінің қыр-сырымен жақынырақ танысып, сабын жасау, майшам дайындау, ұлттық нақыштағы бұйымдарды өз қолдарымен жасап көру арқылы шығармашылық қабілеттерін шыңдады.

Арнайы безендірілген бөлімде Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі кеңінен насихатталды. Ақпараттық киоск арқылы батыр туралы деректі және көркем фильмдер көрсетіліп, келушілер оның ерлікке толы өмір жолымен тереңірек танысу мүмкіндігіне ие болды.

Ауқымды мәдени шараға 2000 мейман қатысып, музей ұжымына өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Атап айтар болсақ: Орынбор, Алматы облыстарынан, т.б өңірлерден арнайы қонақтар келіп шараның мәнін ашты. «Музей түні – 2026» рухани құндылықтарды дәріптеген, тарих пен мәдениетті тоғыстырған тағылымды кеш ретінде көпшілік жадында сақталды.

 

 

 

 

Посмотреть на карте Актобе

Яндекс.Метрика

© 2020-2025 "Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалдық музейі" ММ. Барлық құқықтар қорғалған.