1941 жылғы 15 наурызда Қорғаныс халық комиссарының №138 бұйрығы шығып, «Соғыс уақытында Қызыл Армия жеке құрамының шығынын есепке алу және жерлеу тәртібі туралы ереже» күшіне енгізілді.
Аталған құжат «Қызыл Армия әскери қызметшілері туралы қысқаша мәліметтері бар медальондарды пайдалану тәртібі жөніндегі нұсқаулықпен» толықтырылды. Жаңа медальондар эбониттен (текстолиттен) алты қырлы капсула түрінде, көлемі 5х1,5 см етіп жасалуы тиіс болды. Оның қақпағы бұралып жабылатын, бұл ішіндегі мәліметтерді жақсырақ қорғауға мүмкіндік берді.
Қосымша қағаздың өлшемі 40×180 мм болды және ол бірдей екі бланктен тұрды. Жауынгер қаза тапқан жағдайда, оның бір данасын жерлеу тобы алып кетуге тиіс, ал екіншісі мәйітпен бірге қалдырылатын.
Барлық әскери бөлімдер әр бес күн сайын шығындар туралы есеп беруге міндеттелді, ал құрамалар айына үш рет баяндама жасап отырған. Қаза тапқан сержанттар мен қатардағы жауынгерлер туралы мәліметтер Қызыл Армияны жасақтау басқармасына жіберілген.
Сонымен қатар, қаза болған жауынгердің туыстарын 45 күн ішінде хабардар ету талап етілді.
Ұлы Отан соғысы басталуымен медальондарды дайындау қосымша қиындықтармен қатар жүрді. Өндірістердің эвакуациялануы және ресурстардың шектелуі жағдайында шағын фабрикалар мен артельдер тапсырыс көлемін игере алмады, ал баспаханалар қажетті бланкілерді дер кезінде басып шығаруға үлгермеді.
1942 жылдың қараша айында КСРО Қорғаныс халық комиссариатының №376 бұйрығына сәйкес медальондар Қызыл Армияның жабдықтау тізімінен алынып тасталды. Сарбаздар мен сержанттардың жеке басын куәландыратын негізгі құжат ретінде иесінің фотосуреті бар қызыләскер кітапшасы енгізілді.
Қазіргі таңда музей қорының қорында қолданыста болаған кеңес әскерлерінің қазалы медальоны сақталынған.
