2025 жылдың 12-13 маусымында Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданында Кеңес Одағының Батыры Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия – Қаһармандық дастаны» мерейтойлық іс-шаралар кешені өтті.
Іс-шараның мақсаты: 100 жылдық мерейтойын тойлау арқылы Ұлы Отан соғысының қаһарман қыздарының ерліктерін ұлықтау, қазіргі өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен туған жерге деген сүйіспеншілікте тәрбиелеу; елдер арасындағы бейбітшілік, тұрақтылық және бірліктің маңыздылығы туралы түсінік қалыптастыру.
Ақтөбедегі оқиғалар кезінде салтанатты митинг өтіп, онда Президенттің кеңесшісі М.Отарбаев сөз сөйледі, одан кейін батыр қыздың мемориалдық кешенінің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің мүшесі, Қазақ білім академиясының академигі Б.Аяған; Қазақстан Республикасының Құрметті теміржолшысы, академик, Ә.Молдағұлова білім алған Ленинград қаласындағы №140 мектептің экспозициясын құруға қатысушы (1979ж.) Серіктес Тоққұлов; С.Бәйтерековтің жұбайы, «Әлия» әнінің авторы, өнертанушы Ләззат Аханова-Бәйтерекова; батыр ананың туысы Молдағұлова Айгүл Сапарқызы; «Вятич» патриоттық орталығының директоры, Ярославль облысы, Некрасовский ауданы, Вятское ауылы Вятск орта мектебінің музейінің меңгерушісі Любовь Абрамова және Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалдық музейінің директоры Жанар Мақсұтова баяндама оқыды.
Өнер орталығының фойесінде суретшілер мен мүсіншілер арасындағы Республикалық «Ұмытылмас бейне» байқауының сурет көрмесі ұсынылды. Мерекенің алғашқы күні Т.Ахтанов атындағы драма театрында А.Дәулетбаеваның «Әлия» мюзиклінің қойылымымен аяқталды.
Ә.Молдағұлова музейін аралау барысында мерейтойлық іс-шаралардың қонақтары өз ризашылықтарын білдіріп, музейге естелік сыйлықтар, жәдігерлер, кітаптар мен кәдесыйлар табыс етті.
13 маусым күні қонақтар Қобда ауданына барып, батыр музей-үйінде болып, Бұлақтағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қобда ауданының орталығында мерекелік концерт, театрландырылған қойылым, спорттық сайыстар, Әлия музейі, Батыс Қазақстан және Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейлері экспонаттарының көшпелі көрмелері өтті.
