Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде 17 сәуір, сағат 11.00-де музей қорын толықтыруға бағытталған «Жәдігер сыр шертеді» Естелік акциясының қорытынды шарасы өтті.
Акция барысында музей қорын толтыруға өзінің зор үлесін қосқан отандасымыз, Санкт-Петербург қаласының құрметті азаматы, РФ мен Кеңестік кинемотографистер Одағының мүшесі, актер Шерхан Әбілов Әлияның 100 жылдығына музейімізге 100 жәдігер тапсырып отыр.
Әлияның нағашы туысы Ария Хабиева әкесі Бисембай Хабиевтің медаль-ордендері, жеке заттарын тапсырды. «Жауынгерлік Бауырластық» қоғамдық қорының басшысы Гумер Галеев соғыс тақырыбында жазылған кітаптар, «Әлия» іздестіру тобының далалық қазба жұмыстарына арналған киімін, минаіздегіштерді, шекарашы, техникалық балалар мектебінің ұстазы, іздестірушілер тобының мүшесі Сергей Жирновой рация, радиостанция, танкішінің шлемофонын, соғыс ардагері Абдолла Нұсқабаевтың Жеңістің 70 жылдығына арналған шеруге киген костюмін медаль-ордендерімен, музей ардагерлері Айша Утеулина, Мәрия Сейтқалиқызы, Елена Сәрсенәліқызының музей тарихына қатысты жинақтаған материалдарын, фотоларын музей қорына сыйға тапсырды.
Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай, музейде реэкспозиция өткен болатын. Осы орайда музей қоры біршама экспонаттармен толықты, атап айтсақ, жазушы Әмір Оралбайдың «Әлия» повестін жазған машинкасын жұбайы Меңдігүл Оралбай, Ұлы Отан соғысынң жауынгері Әбішев Каманның туысы Ізбасова Ағлес фотосын, «Әлия гүлі» би ансамблінің марапаттарын Шолпан Кәрімқызы, танымал мүсінші Жеңіс Жұбанқосовтың шағын формалы мүсіндерін, қала тұрғыны Рысты Бужигитова кинопроекторды музей қорына табыстады.
Сонымен қатар жыл бойы музей қорына түскен экспонаттардан көрме жасақталды.
Естелік акциясы жылма-жыл осы кезеңде қорытындыланып отырады. Бір жылдық мерзім ішінде осы акция нәтижесінде қор 301 жәдігерге толықтырылды.