Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына және Жеңістің 80 жылдығына орай Ақтөбе облысы Полиция департаментінде ІІО ардагерлері, жас қызметкерлер мен Ә.Молдағұлова атындағы мемориалдық мұражай өкілдерінің қатысуымен патриоттық шара өтті.
Полиция департаменті мұражайының ұйымдастыруымен өткен іс-шара аясында Әлия мұражайының аға ғылыми қызметкері Сәуле Тәжбенова қатысушыларды Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлік жолымен таныстырып, батыр қыздың ерлігінің ел тарихындағы маңызын және болашақ ұрпақ үшін шабыттандыратын рөлін атап өтті.
Кездесу барысында Әлия Молдағұлова туралы деректі фильм көрсетіліп, оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі мен жанқиярлығын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Апсеттаров іс-шараның басты мақсаты - Әлия Молдағұлованың ерлігін еске алу, жас қызметкерлерді Отанға қызмет етуге шабыттандыру және біздің өміріміздегі патриотизмнің маңыздылығын атап өту екенін айтты.