4 қазан күні кітапхана қызметкерлері Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ерлік елдіктен туады» тарихи-танымдық кеш өткізді.
Аталмыш шара жастарға екінші дүниежүзілік соғыста өшпес ерлік көрсеткен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі жайында мәліметтер беріп, оның есімін ұрпақ жадында мәңгі есте сақтау, оларды отансүйгіштікке, ерлікке баулу мақсатын көздеді.
Шара қонақтары: «Қазақстан өлкетанушылар одағы» облыстық филиалының төрағасы, «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» Мырзабаев Бекарыстан Боранқұлұлы журналист, жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін одаққа танытып, әділдікке қол жеткізу жолындағы күрескерлігіне ерекше тоқталып өтсе, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы Жаңабергенова Толқын Тілегенқызы ар-ұжданы биік, табиғаты кең, рухы асқақ, Отаны үшін қаһарманның осындай тәуекелге барғандығын арнайы слайд арқылы түсіндіріп, соғыс кезінде теңдесі жоқ ерлік көрсеткен қазақстандық жауынгердің қызы Әлия Қошқарбаеваның әке бойындағы батырлық, жанкештілік секілді ізгі қасиеттері жайында берген бейне сұхбатын жастар қауымына ұсынды.Сонымен бірге, С.Нұрмағамбетов атындағы қордың Ақтөбе қаласы бойынша өкілі Сұлтанбек Тәшкенбай, Ш.Берсиев атындағы Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Кулшаров Нұрболат Тоқтамысұлы қарша борап тұрған оқ пен оттың ортасынан еңбектеп өтіп, Рейхстагты алуда көрсеткен батылдығы мен ерлігін кейінгі ұрпақ мақтанышпен еске алатын ұлы ерлік деп санады.