“Даңқ” ордендерінің толық иегері. Сәрсенғали Ешбаев 1924 жылы 5 сәуірде Байғанин ауданының Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты мекенде дүниеге келген.
1942 жылы армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады.
Ленинград майданындағы шайқастар кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін батальон командирінің ұсынуымен ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. 1944 жылы Териоканың батыс бөлігінде арнаулы топтың құрамына төнген қауіпке қарамастан, жаяу әскер өтетін жолдарды минадан тазартты. Осы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. 1945 жылы ефрейтор Сәрсенғали Ешбаев құрамында болған топ Пшилет Остроленка селосы аумағын миналардан залалсыздандырды. Сәрсенғали Ешбаев танкіге қарсы және жаяуларға қойылатын он алты минаны қауіпсіздендіріп, жауынгерлерге жол ашты.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының1945 жылғы 6 сәуірдегі Жарлығымен Сәрсеғали Ешбаев бірінші дәрежелі “Даңқ” орденімен наградталды.
Соғыстан кейін 1947 жылы Ақтөбе қаласына оралып, ферроқорытпа зауытында шебер болып жасады. 1956 жылы жанұя жағдайымен Байғанин ауданына көшті. Ауылдық Кеңестің және рабкоптің төрағасы қызметтерін атқарды.
Биылғы жылы батырдың туғанына 100 жыл толды. Батырдың өмір жолы мен ерлігі жыл сайын жас ұрпаққа насихатталып, есімі кең көлемде ұлықталып келеді.
Ер есімі ел есінде мәңгілік жаңғырады.