Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай патриоттық орталық салынады.
Аймақ басшысы Асхат Шахаров облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында ғимарат Әлия ескерткішінің жанына салынатынын жеткізді. Орталық 2025 жылы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай ашылады.
«Қалалық әкімдік құрылыс мәселесін пысықтап жатыр. Бұл жоба сәтті жүзеге асатынына сенемін»,- деді облыс әкімі.
Әлия Молдағұлова 1925 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 14 қаңтарда Калинин облысының (қазіргі Псков) Казачиха ауылы үшін шайқаста қаза тапты. Ол 22-ші әскердің Солтүстік Батыс майданының 54-ші атқыштар бригадасында мерген болды.
Әлия Молдағұлованың 80 жылдығын атап өту аясында Қобда ауданы Әлия ауылында облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы ашылды. Онда мерген қыздың өмірі мен ауыл тарихына арналған экспонаттар орналасқан музей бар.