Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіріп майдан даласында қалған жауынгерлердің естеліктері мен ерліктерін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында патриоттық акция ұйымдастырылды.
Акцияға Ақтөбе облысының «Жауынгерлік бауырластық» іздестірушілер тобының мүшелері, «Актюбинский вестник» облыстық газетінің тілшісі Т.Виноградова, Бопай ханым атындағы жоғары медициналық колледжі мен №27 орта мектеп-лицейінің «Әлия» патриоттық клубының мүшелері қатысты.
Шара барысында қаза тапқан, хабарсыз кеткен ақтөбеліктер туралы статистикалық мәліметтер, белгісіз солдат күнінің шығу тарихы туралы мәліметтер берілді. Іздестірушілер тобы мүшелері кеңестік және неміс ұшақтары үлгісінің 6 нұсқасын, түнгі көру құрылғысын, жұмыс жасап тұрған 2 радиостанцияны, Ауған соғысының қатысушы Г.Галеевтың пайдаланған шлемофонын (арнайы танкке арналған бас киім, құлаққабымен бірге), екінші дүниежүзілік соғыс тарихы туралы кітаптарды музей қорына сыйға тапсырды. Шара соңында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің директоры Е.Қалтаева алғыс лебізін білдірді.