28 наурыз күні Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің музейімен бірлесіп профессор Халида Есенқұлқызы Маманованың туғанына 105 жыл толуына арналған «Дәрігердің ерлік жолдары» атты дөңгелек үстел шарасын өткізді.
Мақсаты: Ұлы Отан соғысы батырларының ерлігін халық жадында сақтау, медицина ғылымдары докторының соғыс уақыты мен Кеңес кезеңіндегі Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесін зерделеу, жастардың ұлт тарихына деген қызығушылығын қалыптастыру.
Іс-шараға Х.Маманованың туыстары, шәкірттері мен түлектері, музей қызметкерлері, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің оқытушылары мен «Жалпы медицина» факультетінің 107-108 тобының студенттері қатысты.
Халида Есенгуловна Маманова – медицина ғылымдарының докторы, профессор, айып батальон құрамында, Берлинге дейін жеткен Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Ол Молотов атындағы Қазақ медицина институтын бітірген соң, жоғары емдеуші дәрігер біліктілігін алды. 1942–45 жылдары Қызыл армия қатарында әскери дәрігер болып, медицина қызметтің капитаны атағын алған. «За оборону Сталинграда», «За победу над Германией в ВОВ 1941-45гг.» медальдары және Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған. Х.Маманованың ғылыми еңбектері бүкіләлем ғалымдарының назарын өзіне аударған.
Шара барысында медициналық жоғары оқу орнының музей жетекшісі Г.Сейтжанова экспозиция бойынша экскурсия жүргізді. Алғашқы сөз Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өнер және тарихи-мәдени мұраны дамыту бөлімінің бас маманы А.Курмановаға берілді.
Медицина ғылымдарының кандидаты, эпидемиология кафедрасының доценті, Х.Маманованың шәкірті Т.Бегалин Халида Маманова туралы естеліктермен бөлісті. Патологиялық физиология кафедрасының оқытушысы, медицина ғылымдарының магистрі Т.Нұрсейтова өз сөзінде дәрігер-ғалымның қосқан үлесі туралы айтып берді.
Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің директоры Е.Қалтаева «Мамания мектебі» тақырып бойынша баяндама оқыды.
Дөңгелек үстел қатысушылар назарларына «Серпер» ұлттық аспаптар оркестрінің музыкалық шығармалары, және жыр жолдары оқылды. Тақырыптық слайдтар мен «Женщины на войне» деректі фильмнің үзінді көрсетіліп, «қазақ графинясы» тағдыры туралы мәліметтер берді.
Медицина университетінің «Меdik» газетінің тілшісі С.Тоғызбаева Х.Мамановаға арналған өлен жолдарын оқып берді.
Шараға Х.Маманова немересі Мадина Маманова әкесі Медет Маманов айтқан сөздерінен естеліктермен бөлісіп, өз тандаған медицина саласындағы еңбек жолын бастағандығын айтып берді.
Сөз сөйлегендердің арасында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің музей жетекшісі Г.Сейтжанова, Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Б.Молдин.
Дөңгелек үстел модераторы, Ә.Молдағұлованың мемориалды музейінің аға ғылыми қызметкері С.Тажбенова шараны қортындылау сөзінде қатысушыларына алғысын білдіріп, қазақтың батыл да батыр қыздарының ерліктері бүгінгі ұрпаққа насихатталып, келешек буынның патриоттық сезімін оятары сөзсіз деп аяқтады.