Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. «Әлия есімінің халқымыздың бертінгі тарихындағы алатын орны өзгеше үлкен. Қазақтың қаршадай мерген қызы ел басына күн туған шақта үлкен жүректің иесі екендігін танытып, даңқы өшпес ерлік жасады. Өмірде он гүлінен бір гүлі ашылып үлгермеген бойжеткен сындарлы сәтте өз Отанын қорғауға әзір болып қана қоймай сол үшін жанын қиюға да дайын болып шықты. Бүгінде Қазақстанның егеменді ел атанып отыруында, сөз жоқ, Әлия апамыздың да өзіндік зор үлесі бар» - деп атап өтті.
1944жылы 14 қаңтар Қызғалдақтай ғұмыр кешіп, ел-жұртын ерлігімен тәнті еткен қазақтың аяулы ару қызы, даңқты жерлесіміз Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күніне биыл 73 жыл толды.
13 қаңтар күні Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың мемориалды музейінде «Мерген Әлия» атты Батыр қыздың ерлігіне арналған еске алу шарасы өтті.
Шара барысында Батыр қыздың рухына тағзым етіп 1 минут үнсіздік жарияланды.
Тарихи-танымдық шараға Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың туыстары, Мәдениет басқармасының басшысының орынбасары Қ.Ермұқан, Қос шынар қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес,Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Хамза Қуанов, Үкіметтік емес Ұйым өкілдері, №,27, 13, 9 мектептің оқушыларымен ұстаздары, «Ақтөбе облысы мамандандырылған күзет мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, Есет батыр атындағы спортты дарынды балаларға арналған мектеп интернатының мұғалімдері, облыстық білім басқармасының және мәдениет қызметкерлері қатысты.
Еске алу кешіне Әлияны тәрбиелеп өсірген нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың ұлы Сапар Молдағұлов, Райса және Ария Хабиева, Қалдыкерей Есіркеповтер қатысып Әлияның ерлігі мен өмір жолдарына тоқталып, жас ұрпаққа батыр қыздың ерлігін мәңгілікке ұмытпауға, Отанын сүюге, өз елінің тарихын білу үшін аянбай еңбек етуге, Қазақстанның патриот азаматы болуға тілектестік білдірді.
Шара аясында Әлияның ерлігіне арналып өлең оқылып, әндер айтылды.
Ерліктің гимніне айналған, жерлесіміз Бәкір Тәжібаев пен Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия», «Атамекен» әндерін Ғ.Жұбанова атындағы филармония әншісі, Жас қанат байқауының дипломанты, бірнеше республикалық байқаулардың жүлдегері Нұржан Уразов нақышына келтіріп орындады.
«Батырдың өзі өлсе де аты өлмейды»-дейді халқымыз. Әлия есімі мен ерлігін мәңгі есте қалдыруда қаншама ақын – жазушыларымыз ән мен жыр арнады.
Жергілікті ақын, балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармалардың республикалық байқауының төрт дүркін жүлдегері Ертай Ашықбаевтың батыр қызға арнаған «№956 винтовка» өлеңін №31 қазақ орта мектебінің оқушысы Алмат Болат мәнерлеп оқып берді.
Сонау сақ дәуірінде туған жерін қорғаған Томирис сынды әрі патша әрі батыр қыздың аңызы, сол кездегі әлемге әйгілі болған батырлық үлігілері бүгінгі күні қайта айтылып жатса, оны ұмыттырмағанда, еске түсіргенде - Әлия.
Әлия – өмір ерліктерден құралған,
тарих үшін қас-қағым сәт мұң алған.
Сан ұрпақтар үлгі етеді оны әлі,
Ерлігімен елдің атын шығарған.
Шара соңында қонақтар, туыстары, мектеп оқушылары Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың ескерткіш алаңында ерлігіне тағзым етіп, 73 естелік шырақтар жағып гүл шоқтарын қойды.
Еліміздің Тәуелсіздігін армандаған Әлияның өмірі қысқа болғанымен ерлікке толы, оның бейнесі халық есінде мәңгі сақталады.
Музейде «Ерлікке тағзым» циклі аясында жыл бойына осындай түрлі патриоттық шаралар ұйымдастырылып өткізіледі.