Slider

«Әлия – қаһармандық дастаны» мерейтойлық іс-шаралары

2025 жылдың 12-13 маусымында Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданында Кеңес Одағының Батыры Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия – Қаһармандық дастаны» мерейтойлық іс-шаралар кешені өтті.

Іс-шараның мақсаты: 100 жылдық мерейтойын тойлау арқылы Ұлы Отан соғысының қаһарман қыздарының ерліктерін ұлықтау, қазіргі өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен туған жерге деген сүйіспеншілікте тәрбиелеу; елдер арасындағы бейбітшілік, тұрақтылық және бірліктің маңыздылығы туралы түсінік қалыптастыру.                       

Ақтөбедегі оқиғалар кезінде салтанатты митинг өтіп, онда Президенттің кеңесшісі М.Отарбаев сөз сөйледі, одан кейін батыр қыздың мемориалдық кешенінің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.    

Шараға мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәдениет және ғылым саласының өкілдері, сондай-ақ батырдың туыстары қатысты.

Форумда Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалдық музейінің директоры – Мақсұтова Жанар Тұғамбайқызы «Батырлық мәңгілік: Әлия музейі – тарих пен тағылым көзі» тақырыбында баяндама оқыса, Астана қаласынан келген Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, академик, профессор Аяған Бүркітбай Ғелманұлы «Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанда құрылған дивизиялар» жөнінде баяндап берді. «1979 жылы Ленинградтағы Ә.Молдағұлова оқыған №140 мектеп музейін жасақтаған қазақ жастары» атты баяндамасымен Қазақстан Республикасының  құрметті жол қызметкері, алматылық академик Токкулов Серіктес Толенбайұлы таныстырды.

Ә.Молдағұлованың нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың немересі Молдағұлова Айгүл Сапарқызы құттықтау сөз сөйлеп, туыстарымен таныстырды. Ярослав облысы Вятск селосынан келген Әлия Молдағұлова оқыған мектептің музей жетекшісі Абрамова Любовь Анатольевна «Сохранение памяти о Герое Советского Союза  Молдагуловой Алие в селе Вятское Ярославской области:  связь поколений и культур» тақырыбында баяндама оқыса, қоғам қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты «Әлия» әнінің авторы С.Байтерековтың жұбайы Ляззат Мұзарафқызы құттықтау тілегін жолдаса, облыс әкімі Асхат Шахаров форумды ашып берді.

Өнер орталығының фойесінде суретшілер мен мүсіншілер арасындағы Республикалық «Ұмытылмас бейне» байқауының сурет көрмесі ұсынылды. Мерекенің алғашқы күні Т.Ахтанов атындағы драма театрында Ә.Дәулетбаеваның «Әлия» мюзиклінің қойылымымен аяқталды.

Ә.Молдағұлова музейін аралау барысында мерейтойлық іс-шаралардың қонақтары өз ризашылықтарын білдіріп, музейге естелік сыйлықтар, жәдігерлер, кітаптар мен кәдесыйлар табыс етті.

13 маусым күні қонақтар Қобда ауданына барып, батыр музей-үйінде болып, Бұлақтағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қобда ауданының орталығында мерекелік концерт, театрландырылған қойылым, спорттық  сайыстар, Әлия музейі, Батыс Қазақстан және Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейлері экспонаттарының көшпелі көрмелері өтті.

Мерейтойдың басты салтанаты «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында өтті. Көпшілік керемет кештің куәсі болды. Сахна төрінде жергілікті өнерпаздар мен арнайы шақыртумен келген эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Аллаберген Жақсыбаев, Рита және Дулат Айтжановтар, Қанат пен Светлана Айтбаевтар, Мирас пен Құралай Бекжановтар, Марат Әйтімов, Әлихан Зейнолла және өзге де өнерлі жерлестеріміз бар. Жұлдыздар сахнаға шықпас бұрын, телекөпір арқылы байланысқа шығып, ақтөбеліктерге жылы лебіздерін арнады. Содан соң, өнер иелері сахнада көптің жүрегін жаулаған сүйікті әндерді орындады.                                                                Көпке танымал әнші Садраддин, қазақ өнерінің аңызына айналған тұлға Роза Рымбаева ән шырқап, мереке көркін одан әрі қыздырды. Садраддин «Үйге», «Қанша күн?», «Бақыт», «Жауап бар ма?» атты хит әндерін орындаса, Роза Рымбаева «Соң бір кездер», «Шақырады көктем», «Балдаурен» әндерін шырқады. Кеш Әлияның ерлігі мен батырлығын дәріптеген әнмен қорытындыланды.

Ал Ақтөбе аспанына синхронды түрде көтерілген 550 дронның шоуы таңғажайып көріністерді бейнеледі. Көпшілік Әлия Молдағұлова, Димаш Құдайберген, Ақтөбе өңірінің көрікті жерлерін және өзге де визуалды композицияларды тамашалады. Ел байрағы көрсетілгенде, 40 мыңнан аса көрермен Мемлекеттік Гимнді бір мезетте орындады. Жарық шоу лазермен және әсем әуендермен сүйемелденді. Дрондар шоуын Aspan Galaxy ұсынды.

2025 жылдың 25 маусым күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы аясында Ақтөбе қаласына арнайы келіп, мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойып, оның рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы ерліктің өшпес ізін қалдырған батыр апамыздың жанқиярлығы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті.

 

Посмотреть на карте Актобе

Яндекс.Метрика

© 2020-2025 ГУ "Актюбинский мемориальный музей Героя Советского Союза Алии Молдагуловой". Все права защищены.