Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалды музейі екі жақты ынтымақтастық меморандум аясында, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде 9-12 мамыр күндері облыс тұрғындары мен қала қонақтарына «Ақтөбелік ұлт мақтаныштары» республикалық тарихи-танымдық жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды.
2023 жылғы 09 мамыр күні сағат 11:00-де «Ақтөбелік ұлт мақтаныштары» атты жылжымалы көрмесі салтанытты түрде ашылды.
Салтанатты шара Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер – батырларымызды еске алумен, Қызылорда облыстық тарихи – өлкетану музейінің директоры Көзейбаев Сапар Алиасқарұлының сөз сөйлеп, жылжымалы көрмені ұйымдастырудағы негізгі мақсаттын айшықтап, КОБ Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі басшысы атына алғыс хат табыстаумен басталды.
Қызылорда қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы №173 орта мектептің оқушылары өз өнерін көрсетіп, Н.Бекежанов атындағы драма театры «Әлия» қойылымын ұсынып салтанатты шараның сәнін келтірді. Шара соңында Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі қызметкерлері «Ақтөбелік ұлт мақтаныштары» жылжымалы көрмесін таныстырды.
09-11 мамыр күндері аралығында жылжымалы көрмеде екі өлкеге ортақ тұлға кіші жүздің биі Әйтеке би, 101-ші қазақ ұлттық атқыштар бригада командирінің орынбасары М.Сәдібеков, Ақтөбелік ұлы дала батырлары мен Ұлы Отан соғысы жылдарында арнайы жасақталған бригада, «Кеңес Одағының Батыры», «Үш дәрежелі Даңқ» орденінің иегерлері мен батырлары, әсіресе Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бұлақ ауылында дүниеге келген Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың өмірі мен ерлік жолы, қазіргі таңда батыр есіміне берілген көшелер, оқу орындары, бюст ескерткіштері және мемориалды музейінің ашылу тарихына, нағашылары Әбубәкір Молдағұловтың әскери киімі, Бисенбай Хабиевтың планшеткасы мен мөрі, Орталық әйелдер мергендер мектебінің курсанттары Мария Забоеваның пилоткасы мен Лидия Бакиеваның гимнастеркасы және белдемшесі, Мосин үлгісіндегі винтовка макеті, Ақтөбе облысының тарихы, Ақтөбелік батырлар туралы кітаптар көрмеге қойылып, экскурсия жүргізіліп, деректі фильмдер көрсетілді.
Жылжымалы көрменің мақсаты ақтөбелік ұлт саңлақтары мен батырларының ерлігімен таныстыру;
- Ақтөбе мен Қызылорда қалалары арасындағы мәдени байланысты нығайту;
- рухани және әскери-патриоттық тәрбиені насихаттау.
Көрме Қызылорда облысының тұрғындарына, қала және шетел қонақтарына, мекеме қызметкерлеріне, оқу орындарының ұстаздары мен оқушыларына арнайы таныстырылды.
Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің қызметкерлері 11-ші мамыр күні батыр есіміне берілген №173 орта мектепттегі шараға қатысып, батыр бюстіне тағызым жасап, гүлшоқтарын қойды.
Екі жақты меморандум аясында екі облыс арасындағы мәдени байланыс нығая түсті.
Жылжымалы көрме негізінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық музейінің бас қор сақтаушысы – Жаңабергенова Толқын Тілегенқызы және экскурсовод – Амангелді Әсемгүл Асқарқызы ақтөбелік ірі тұлғалар мен Ұлы Отан Соғысына қатысқан батырлар, қазақтың қайсар қызы Әлияның өмірі мен жауынгерлік жолы, Ә.Молдағұлованың мемориалды музейінің құрылғаны туралы экскурсиялар жүргізді.
Көрмеге 500-ден астам көрермендер келді.